Астанада Digital Bridge халықаралық форумы өтеді

12-13 қазанда елордада Digital Bridge халықаралық форумы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОКҚ алаңында өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директоры Ерсұлтан Ерманов форумның негізгі мақсатын түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында IT саланы дамытуға көп көңіл бөліп, Қазақстанды IT елге айналдыру міндетін қойды. Бұл міндетті іске асыруға ықпал ететін жарқын оқиғалардың бірі - Digital Bridge халықаралық форумы. Бұл форум озық технологияларды, инновацияларды және трендтерді шоғырландыруға арналған диалог алаңы, - деді ол.

Digital Bridge V халықаралық форумын 12-13 қазанда өткізу жоспарланып отыр.

Бұл жолғы күн тәртібі жасанды интеллект саласындағы адам мен технология арасындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ олардың жалпы экономикалық даму әсеріне арналған.

Мұнда айтылған пікірталастар мен идеялар цифрлы саланың дамуына маңызды үлес қосады деп үміттенеміз. Бұл халықаралық форум дәстүрлі түрде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, шет ел мемлекеттері өкілдері, халықаралық корпорациялардың көшбасшылары, ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылардың, өңірлерден келген венчурлық инвесторлардың қатысуымен өтеді, - деп атап өтті Ерсұлтан Ерманов ОКҚ-да.

Digital Bridge халықаралық форумына 20 мыңнан астам қатысушы, 300-ден астам IT компания, инвесторлар, әлемнің 20-дан астам елінен жүздеген спикер мен стартап қатысады деп күтіліп отыр.

Форум аясында әртүрлі і-шаралар ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы