18 Қыркүйек 2026, 22:53 Фото: BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Елордада демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді

19-20 қыркүйекте алғашқы жәрмеңкеге Қызылорда және Атырау облыстарының шаруалары қатысады.

Астанада 19 қыркүйектен бастап өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Олар әр сенбі және жексенбі сайын 1 қарашаға дейін жалғасады. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.

19-20 қыркүйекте алғашқы жәрмеңкеге Қызылорда және Атырау облыстарының шаруалары қатысады. Олар елордаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі.

Оның ішінде 260 тонна бақша өнімдері, 220 тонна күріш, 65 тонна балық, 40 тонна ет және ет өнімдері, сондай-ақ 20 тоннадан астам өзге азық-түлік бар.

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тасжолы, 1) сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.

Жәрмеңке күндері тұрғындар мен қонақтарға ыңғайлы болу үшін №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды.