11 Қыркүйек 2026, 10:53 Фото: ©BAQ.KZ / Жанерке Жәкен

Қазақстанда жастар отбасын құруды неге кейінге қалдырып жүр?

Қазақстанда неке құрудың орташа жасы 27,5 жасқа жетті. Мамандар бұл үрдістің себептері мен отбасы институтының болашағын талқылады.

Астанадағы Қазақстан қоғамдық даму институтында Отбасы күніне орай «Дәуірлер тоғысындағы отбасы» атты ауқымды дөңгелек үстел өтуде. Жиында отбасы институтын қолдау, демографиялық ахуал, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің заманауи қоғамдағы маңызы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шара барысында Қазақстан қоғамдық даму институтының Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі орталығының директоры Эльмира Отар «Қазақстан отбасылары – 2026» ұлттық баяндамасының деректерін көпшілікке таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі жастар отбасын құру мәселесіне саналы түрде келеді. 

Қазақстанда неке құрудың орташа жасы 27,5 жасты құрап отыр. Бұл үрдіс урбанизация мен қалаға көшу үдерістеріне, сондай-ақ жастардың отбасы алдындағы материалдық және эмоционалдық жауапкершілікті жан-жақты таразылауына тікелей байланысты, - деді ол. 

Жиында сөз алған Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сулеймен мемлекеттің басты саясаты отбасын сақтауға, ажырасуларды азайтуға және жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталғанын атап өтті.

Мемлекет әрі ұлт ретінде бірегейлігімізді сақтап қалу үшін жастарымызды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, отбасы институтын қорғау саясатын жүйелі түрде жүргізуіміз тиіс. Егер бұған дейін қоғамда немесе ортамызда «жастар олай етіпті, бұлай кетіпті» деген сыңаржақ әңгімелер көп айтылса, ендігі кезекте тек бос сөзге емес, нақты әрі сапалы жұмысқа басымдық беруіміз қажет, - деді Ляззат Сулеймен.

Өз кезегінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің социология және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алима Бейсенова отбасылық салт-жоралғылардың кеңейтілген көпұрпақты қазақ отбасын сақтаудағы маңызына тоқталды.

Қазіргі қоғам үшін ұрпақтар сабақтастығы аса маңызды. Бұл – тек жеке отбасының ғана емес, бүкіл рудың немесе барлық туыстың бас қосып, бір-бірін көретін, өзара байланысты сақтайтын және балаларын осындай кеңейтілген туыстық желіге қосатын маңызды оқиғалар. Біз қазақи дәстүрлер бір жерге тоғысқан отбасы моделін құруымыз керек, - деп атап өтті профессор Алима Бейсенова.