Астанада дұрыс және қауіпсіз тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды
Астана, BAQ.KZ. Бүгін Астанада ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ДДСҰ Еуропалық офисімен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде ҚР ДСМ, тамақ өнеркәсібі қауымдастықтары, білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Қазақстанда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
ҚДСҰО директоры Уалихан Ахметов ЭЫДҰ елдерінің әлемдік тәжірибесінде мойындалған ДДСҰ-ның дұрыс тамақтану мәселелері жөніндегі ұсыныстарына, Қазақстандағы ағымдық жағдайға және дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бойынша міндеттерге жан-жақты тоқталды. Ол Алматыда былтыр желтоқсанда «Атамекен» ҰКП өкілдерімен өткізілген дөңгелек үстелдің 1-ші отырысының қорытындысын айтып өтті, онда іс-шараға қатысушылар мемлекет, индустрия және ғылым арасында дұрыс тамақтану мәселелері бойынша диалог жүргізу; тамақ өнімдеріне мониторинг жүргізу үшін ҮЕҰ тарту; әлеуметтік бастамаларды ұсыну, саналы дұрыс тамақтануды қалыптастыру, бірлескен іс-шаралар өткізу үшін қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша серіктестердің коалициясын құру; отандық тамақ өнімдерін тұтыну насихатын жүргізу және халықтың дұрыс тамақтану талаптарына жауап беретін отандық өнімдерге деген сенімін арттыру туралы ұсыныстарды енгізген болатын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шақыруымен Қазақстанға келген ДДСҰ-ның инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Еуропалық офисінің басшысы, тамақтану, дене белсенділігі және семіздік жөніндегі бағдарламаның менеджері Джоао Бреда ДДҰ-ның, ұлттық институттар мен қоғамдық денсаулық саласындағы қауымдастықтардың өзара іс-қимылы туралы айтып берді. Қазақ тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу ҒЗИ филиалы директорының орынбасары Айгүл Омаралиева ауыл шаруашылығы шикізаты негізінде функционалдық бағыттағы тамақ өнімдерін жасау туралы, Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры Дихангүл Жандарбекова мектеп оқушыларының, колледж және ЖОО студенттерінің дұрыс тамақтануы жайлы айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар тамақ өнімдеріне және ауыз суға, тиімді және дұрыс тамақтанбауға байланысты аурулардың таралу деңгейін төмендету; тамақтану, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласында және қоғамдық денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеулер жүргізу; тамақ өнімдерінің рецептурасын өзгерту есебінен тұзды пайдалануды азайту және тамақ өнімдері мен тағамдардағы тұздың нысаналы деңгейін белгілеуді қысқарту; тұтыну қаптамасындағы таңбалауға тамақ өнімдерінің ерекше белгілерін енгізу және т.б. мәселелерді де талқылады.
Қабылданатын шаралар Қазақстанда дұрыс және қауіпсіз тамақтану саясатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сол күні ҚР ДСМ мамандарының Джоао Бредамен және басқа да халықаралық сарапшылармен кездесуі өтті. Джоао Бреда сондай-ақ ДДҰ-ның Салауатты өмір салтын ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық орталығының қызметкерлерімен танысты. Кездесу барысында Қазақстанда STEPS стандартталған әдістемесіне сәйкес инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларының таралуы бойынша зерттеулер жүргізу мәселесі, халықтың тұз, қант, трансжир қышқылдарын тұтыну деңгейін анықтау және балалар арасында семіздікті қадағалау бойынша ДДҰ-ның COSI – Еуропалық бастамасы туралы мәселелер талқыланды.
ДДСҰ-ның ИЕА алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Еуропалық офисінің басшысы Алматыда Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының Женевадағы (Швейцария) 67-ші сессиясында ДДҰ-мен қол қойылған келісім аясында 2014 жылғы мамырда ашылған медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының географиялық алшақ офисіне барады. ГАО құрудың мақсаты ДДСҰ Еуропалық аймағында, атап айтқанда МСАК дамыту саласында денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну жұмыстарын күшейту болып табылады.
Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде "ИЕА басқару тәжірибесі, сабақтары, болашағы. Ауыртпалықты төмендету. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметтерінің ИЕА алдын алудағы рөлі" деген тақырыпта доктор Джоао Бреданың ғылыми қызметкерлерге, магистранттарға және докторанттарға арналған лекциясы жоспарлануда.
Анықтама: Жоао Бреда – ИЕА жөніндегі Мәскеу офисінің басшысы, тамақтану саласындағы ғылым докторы, Қоғамдық денсаулық сақтау және іскерлік әкімшілік саласындағы магистр. Бұл бюро ДДСҰ-ның ИЕА алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Еуропалық аймағының барлық 53 елінде ұлттық әлеуетті нығайту бойынша ДДСҰ-ның жұмысын басқарады.