Астанада БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына арналған фотокөрме ашылды
Көрмеге Қазақстанның 30 азаматының суреті қойылды. Олардың қатарында ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер мен босқындар бар.
Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен GLOCAL: «Жаһандық мақсаттар. Адам тағдыры» атты фотокөрме ашылды. Экспозицияда Қазақстанның 30 азаматының өмір жолы мен еңбегі арқылы Тұрақты даму мақсаттарының адамдардың күнделікті тіршілігінен қалай көрініс табатыны баяндалған. Көрме жаһандық міндеттердің нақты адам тағдырымен, қоғамның дамуымен және елдің болашағымен байланысын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фотокөрмеге ғалымдар, өнертапқыштар, мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, босқындар және БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысқан қазақстандықтың оқиғалары арқау болған. Әр фотосурет белгілі бір адамның өмірін ғана емес, оның қоғамға қосқан үлесін де танытады. Бірі білім беру саласында еңбек етіп, балалардың болашағына жол ашса, енді бірі денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау немесе өзге де маңызды бағыттарда жұмыс істеп келеді.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары кедейлікті жою, сапалы білім мен медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, таза су мәселесін шешу, қауіпсіз қалалар қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау сияқты міндеттерді қамтиды. Көрменің ерекшелігі – осы ауқымды мақсаттарды ресми құжаттар мен статистика арқылы ғана емес, адамдардың жеке тәжірибесі арқылы көрсетуінде.
ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, көрме тұрақты даму мақсаттарының елдің әр өңіріндегі, қала мен ауылдағы күнделікті өмірден көрініс табатынын көрсетеді. Оның сөзінше, жаһандық мақсаттарға қол жеткізу халықаралық ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, оған қоғамның әр мүшесі де үлес қоса алады.
Бұл қиялдағы бір нәрсе емес, бұл – күнделікті өмірде атқарып жүрген жұмыстарымыздың жарқын көрінісі. Осы жұмыстар арқылы Қазақстанның дүниежүзілік дамуға, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосып отырған үлесін көреміз, – деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, тұрақты даму мақсаттарының әрқайсысы маңызды. Кедейлікті азайту, қалаларды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вакцинация мен медициналық көмекті қолжетімді ету, таза су мен қоршаған ортаны қорғау сияқты бағыттар адамдардың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мақсаттардың нәтижесі нақты өзгерістерден, яғни азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруынан көрінуі керек.
Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Сарангуа Раднаарагчаа да көрменің негізгі идеясы адамдардың өміріндегі өзгерістерді көрсету екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазір әлем қақтығыстар, теңсіздік, климат дағдарысы және жасанды интеллектінің жылдам дамуы сияқты күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай жағдайда бірде-бір мемлекет жаһандық сын-қатерлерді жалғыз еңсере алмайды.
Тұрақты даму мақсаттарының нәтижесі адамдардың өміріндегі нақты өзгерістер арқылы өлшенеді: баланың сапалы білім алуы, отбасының медициналық көмекке қол жеткізуі немесе әйелдің өзін қауіпсіз сезінуі, – деді Сарангуа Раднаарагчаа.
Оның пікірінше, жаһандық міндеттерді орындау үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ынтымақтастығын нығайту маңызды. БҰҰ мен Қазақстан арасындағы 2026 жылы басталған жаңа бесжылдық ынтымақтастық шеңбері де осы бағытқа арналған. Оның төрт басым бағыты бар: адамдардың әл-ауқаты мен мықты институттарды дамыту, экономиканы әртараптандыру, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік бірлікті нығайту.
Сарангуа Раднаарагчааның айтуынша, фотокөрмедегі әр адамның артында қоғамға қосқан үлесі мен жеке тарихы бар. Мәселен, балаларды кітап оқуға ынталандыратын мұғалім, Қазақстанның табиғи мұрасын қорғауға үлес қосатын ғалым немесе білім арқылы болашағын қайта құрып жатқан босқын – тұрақты дамудың нақты мысалдары.
Тұрақты даму – адамдар үшін жасайтын жұмысымыз ғана емес, адамдармен бірге атқаратын жұмысымыз, – деді ол.
GLOCAL атауы жаһандық мақсаттар мен жергілікті өмірдің өзара байланысын білдіреді. Көрме осы байланысты Қазақстан азаматтарының жеке оқиғалары арқылы көрсетіп, тұрақты даму ұғымын күнделікті өмірге жақындатады. Экспозиция көрерменге қоғамдағы өзгерістердің үлкен бастамалардан ғана емес, әр адамның еңбегі мен жауапкершілігінен де басталатынын еске салады.