Астанада БҰҰ-ның 80 жылдығы және мультилатерализмнің болашағы талқыланды

Қазақстан Республикасының президенттік орталығында БҰҰ-ның 80 жылдығына және Қазақстанның осы ұйымға кіру күніне арналған "БҰҰ-ның 80 жылдығы және Қазақстанның рөлі: көпжақтылықтың болашағы" атты панельдік пікірталас өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қатысушылар Қазақстанның жаһандық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға қосқан үлесін, сондай-ак қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда БҰҰ рөлінің өзгеруін талқылады. 

Жиында 2024 жылғы Болашақ саммитінің қорытынды құжаттарында, оның ішінде "Болашақ Пактінде", "Жаһандык цифрлық шартта" және "Болашақ ұрпақтар" туралы декларацияда бекітілген міндеттемелерді іске асыру жолдары сөз болды. Бұл бастамалар жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға және ағымдағы сын-қатерлерді шешуде БҰҰ қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Сондай-ақ қатысушылар климаттың өзгеруі, цифрлық басқару және жаһандық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. 

Бұл ретте Қазақстанның халықаралық дипломатия, ядролық қарусыздану және тұрақты даму принциптеріне өзінің адалдығын көрсетуді жалғастырып келе жатқаны жайлы көп айтылды.

Қазақстан көптеген табысты бастамаларды көтерген мемлекет ретінде танымал. Соның ішінде аймақтық климаттық саммитті ұйымдастыру, осы тақырыпқа арналған ауқымды конференцияларға қатысуын ерекше атап өткім келеді. Алдағы уақытта Сауд Арабиясында су қауіпсіздігі мәселесіне арналған форумды өткізуде де Қазақстанның рөлі өте маңызды. Бұл бірнеше мысал ғана. Жалпы БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстанды көптеген маңызды процесстердің қатысушысы, жан-жақтылықты ұстанатын және дипломатиялық принциптерге өте берік мемлекет деп танимыз. БҰҰ үнемі даму, өзгеру және әлемді жақсы жаққа өзгерту жолында тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл мақсатта Қазақстанның да ортақ іске тигізіп жатқан пайдасы өте көп, - дейді Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О’Малли.

Биыл Қазақстанның БҰҰ мүше болғанына 33 жыл толып отыр. 1992 жылы ұйымға кіргеннен бері біздің ел ядролық қарусыздану, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың белсенді қолдаушысы болып келеді. 

Бүгінгі шара еліміздің БҰҰ жұмысына қосқан үлесі мен одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылау алаңына айналды. 

Сондай-ақ маңызды жиында қазіргі заманның сын-қатерлерін шешу үшін жаһандық институттарды реформалау мен көпжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы сөз болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы