29 Қыркүйек 2026, 14:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Астанада бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген әйелдің ісі: Төрт экс-полицей қамауға алынды

30 жастағы әйел бұған дейін бұрынғы күйеуінен төнген қауіп туралы полицияға бірнеше рет хабарлаған. Енді жауапты қызметкерлердің әрекеті тексеріліп жатыр.

Астанада 30 жастағы әйелдің бұрынғы күйеуінің қолынан қаза табуына байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қатаң шаралар қабылданды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Бұған дейін елордадағы тұрғын үй ауласындағы автотұрақта әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтіргені хабарланған болатын. Күдікті қылмыс ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қаза болған әйелдің бұған дейін полицияға жасаған өтініштері бойынша жауапты қызметкерлердің әрекетіне қызметтік тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижесінде төрт полиция қызметкері теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Олардың қатарында Сарыарқа аудандық полиция басқармасының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ Нұра аудандық полиция басқармасының екі учаскелік инспекторы бар, - деп мәлімдеді ІІМ редакцияға берген жауабында.

Бұдан бөлек, екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды. Департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қызметтік тексерумен қатар, полиция қызметкерлерінің қызметіне салғырт қарауына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Осы қылмыстық іс аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни қызметке салғырт қарау фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Қаза болған әйел бұған дейін полицияға бірнеше рет жүгінген. Ол бұрынғы күйеуінің тарапынан ұрып-соғу, қорқыту және зорлау болғанын хабарлаған. Қайғылы жағдайдан шамамен екі апта бұрын әйел полицияға пышақ қолдану арқылы қорқытқаны туралы да арыз берген, - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Енді тергеу барысында полиция қызметкерлерінің әйелдің арыздарына қаншалықты уақтылы әрі толық ден қойғаны, сондай-ақ олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген-бермегені анықталады.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.

Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана белгіленеді.

Тағы оқи отырыңыз: «Жанында үлкен пышағы болған»: Астаналық әйел қаза табардан бұрын полицияға жүгінген