Астанада бұған дейін жабық болған «Жібек жолы» LRT станциясы ашылды
Бұған дейін қолжетімсіз болған нысан LRT желісінің дайындығын таныстыру аясында көпшілікке көрсетілді.
Астанадағы LRT желісінің «Жібек жолы» станциясы жолаушылар үшін ашылды. Бұған дейін станция пайдалануға берілгенімен, оған баратын жол болмағандықтан, жолаушылар қабылданбаған еді. Енді қажетті инфрақұрылым жасалып, станция алғашқы келушілерін қабылдай бастады.
«Астана – Что? Где? Когда?» Telegram-арнасының мәліметінше, әзірге станцияда бір ғана кіреберіс-шығаберіс жұмыс істеп тұр. Жолаушылар нысанға тек бір жақтан кіре алады. Екінші шығаберіс кейінірек ашылады деп күтілуде.
Станция маңында қазіргі таңда бір көпқабатты тұрғын үй, бірнеше жеке үй ғана орналасқан. Алайда болашақта бұл аумақтағы жеке сектордың орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынуы мүмкін.
Қазір станция ішінде адам қарасы аз, тыныш. Дегенмен аудан қарқынды түрде салына бастаған соң жолаушылар саны да артады деп болжанып отыр.
Сондай-ақ болашақта Қалдаяқов көшесі жағынан станцияның астымен өтетін тікелей жол салу жоспарланған. Бұл жаңа тұрғындар үшін қатынасты әлдеқайда қолайлы етпек.