Астанада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Астанадағы Esil University-де бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Esil University-мен бірге «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Қазіргі кезде 50 компания 450-ге жуық жұмыс орнын ұсынып отыр. Олардың қатарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, банктер және т.б. мекемелер бар, - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитов.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
Жасым – 27-де. Қазіргі кезде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурада 2-курста оқимын. Қазіргі кезде тұрақты жұмыс іздеп жүрмін. Сол себепті бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне келіп, бірнеше жұмыс берушімен сөйлесіп, түйіндемемді қалдырдым. Мен мемлекеттік қызмет бойынша бос жұмыс орындарын қарастырып жүрмін, - деді Сұлтан Умурғалиев.
Мұнда жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынды. Ал жұмыс іздеушілер болса, компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, қызықтырған сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі енді 28 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.