Астанада бокстан І халықаралық турнир басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» сарайында бокстан ерлер мен әйелдер арасында I Халықаралық «Елорда кубогі» турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Дүбірлі жарыста «Елорда кубогі» үшін барлығы 10 мемлекеттен 250 спортшы бокстасады. Олардың арасында Куба, Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия және басқа да елдердің өкілдері бар.
Турнирдің салтанатты ашылуына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Кожамбетов және 1996 және 2000 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, боксшы Болат Жұмаділов ат басын бұрып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, былғары қолғап шеберлері 25 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасатын болады. Яғни әйелдер 12 салмақ дәрежесі, ал ерлер 13 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Дүбірлі доданың жартылай финалы 30 маусым мен 3 шілде аралығында, ал 4 шілдеде күні ақтық бәсеке мен турнирдің салтанатты жабылу рәсімі өтеді.
Қазақстан құрамасы атынан 50-ге жуық спортшы ел намысын қорғайды. Олар: Әлем, Азия және Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері.
Турнир жеңімпаздары биыл қазанның соңы мен қарашаның басында өтетін Азия чемпионатында өнер көрсету құқығын иеленеді.
7 күнге жалғасатын жекпе-жек Qazsport телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.