Астанада биылғы алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада жылдағы дәстүр елорданың және ел өңірлері тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қайта өткізіле бастады, деп хабарлады BAQ.KZ.
Елорданың Сарыарқа ауданындағы Б.Соқпақпаев көшесі, 21 үй жанында ашылған жәрмеңкеге Ақмола, Семей, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлері қатысуда.
Қала қонақтары мен тұрғындары бұл жәрмеңкеден қажетті тауарларды нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сатып ала алады, себебі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға делдалсыз сатады. Кәсіпкерлер тауарлардың кең ассортиментін ұсынады, соның ішінде көкөністер, жемістер, сүт, азық-түлік және ет өнімдері бар, - дейді Астана қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі маманы Нұрдәулет Қосман.
Жаңа мекенжай болғандықтан халық әлі үйренісе қоймағанмен, тұрғындар біртіндеп келіп, жәрмеңкеден күнделікті пайдаланатын тағамдарын сатып алып кетіп жатыр.
Әдетте мұндай жәрмеңкелер орталыққа таман ашылатын. Қазір біздің ауданнан ұйымдастырылып, табиғи таза өнімдерді жақын жерден сатып алу мүмкіндігі туып тұр. Қиярдың келісі 450 теңге, қызанақ 500 теңгеден екен, бұл біздегі әлеуметтік базарлардың өзінде бұдан қымбаттау, қаймақ және шұжықтары да сондай төмен бағада, өзім сол өнімдерді үйде көп пайдаланатын болғандықтан, арзан бағамен көптеу етіп алдым. Біртіндеп бұл жерге бәрі үйренісіп кетер деген ойдамын, - дейді елорда тұрғыны Майгүл Жансейітова.
Айта кетейік, жәрмеңке әр демалыс күндері таңертеңгі сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді.