Астанада биыл 8 жаңа студенттік жатақхана ашылады
Астанада 2025 жылы жалпы сыйымдылығы 4 716 орындық сегіз студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әкімнің айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік нысандарды ашу қарқынды жүріп жатыр.
Өзге қалалардан келетін студенттердің саны жыл сайын артып келеді. Салалық министрлікпен, университеттермен және инвесторлармен бірлесіп, жатақхана орындарын көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге А.Пушкин көшесіндегі 400 орындық жаңа жатақхананың ашылуына дайындық барысымен танысты. Бұл нысан жеке инвестиция есебінен салынған.
2025 жылдың басынан бері Астанада 2 700 орындық бірнеше жатақхана іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 2 060 орынға арналған жеті нысан ашу жоспарланып отыр.
Өткен жылы елордада шамамен 1 700 орындық бес студенттік жатақхана пайдалануға берілген болатын.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылы ішінде қалада 15 мектеп ашылады. Оның жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл нысандар екі ауысымда 28 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, балабақшалар, оқушылар сарайы және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр.