Астанада бір түнде төрт рет ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Елордалық полицейлер жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында автокөліктерден ұрлық жасады деген күдікпен 33 жастағы қала тұрғынын ұстады, деп хабарлады BAQ.KZ.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта сағат 04:00 шамасында Күмісбеков көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің есіктерін тартып жүріп, ашық тұрған «Daewoo Nexia» маркалы автокөліктен магнитола мен құжаттарын алып кеткен. Ер адамның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 50 мың теңгені құрады, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Дәл сол түні ол Қосшығұлұлы көшесіндегі үйлердің ауласынан осындай жолмен ашық тұрған «Ауди» маркалы көліктен автомагнитоланы жұлып алып, 50 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам кінәсін мойындады, ол ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер оның тағы дәл осындай екі қылмыс жасағанын анықтады.  

Полицейлер азаматтарға қырағы болуға, автокөлік салонында қаскүнемдердің назарын аударуы мүмкін бағалы заттарды қалдырмауға, автокөліктің есіктері мен терезелерін жауып жүруге кеңес береді. Көлік құралын күзет дабыл жүйесімен жабдықтауды және күзетілетін автотұрақтарға қою қажет екенін ескертеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы