Астанада бір сәтте 400 домбырашы бірге күй шертті

Астанадағы Орталық саябақта орналасқан «Амфитеатр» сахнасында «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концерт өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астаналықтардың ыстық ықыласына бөленген кеш «Ұлттық домбыра күні» мерекесінің аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы – Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы және партия жанындағы «Jastar ruhy» Жастар қанаты қоғамдық бірлестігі.

Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шарада Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөз сөйледі.

«Ерке Есілдің жағасында аталып өтіп отырған Домбыра күні ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа паш ететінін айтып, «қара шанақты домбырамыз әр шаңырақты қоңыр үнімен қуанышқа бөлей берсін!» - деді қала әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде қадірлі кеш қонағы ретінде шақырылған AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, Мәдениет басқармасының басшысы лебіздерін білдірді.

Ибрагим Ескендір және «Алтын домбыра» өнер мектебінің қатысуымен өткен гала-концертте 400 өнерпаз күй тартып, 1 200 көрермен концертті тамашалады. Домбырашылар алғашқы төрт күйді, яғни Құрманғазының күйі «Балбырауын», «Адай» және елімізге танымал «Еркесылқым», «Әке» толғауы сынды күйлерді бірге орындады.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыра отырып, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы