Астанада «Бас редакторлар форумы» өтті

Астана қаласында «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен «Бас редакторлар форумы» атты республикалық журналистер форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумға еліміздің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, отандық БАҚ-тың бас редакторлары мен журналистика бөлімінің студенттері қатысты. Жиында Дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігі, аймақтық БАҚ: бүгіні мен болашағы, журналистер арасындағы медиасауаттылық мәселелері сөз болды.

Форумның ашылуында «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толғанын атап өтті. «Бас редакторлар Клубы» – 2007 жылғы қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан, құрамына Қазақстанның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. 

Бас редакторлар клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті нығайту, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту екендігін айтты.

Форумда баяндама жасаған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр медиа саланың, соның ішінде баспасөз саласының авторлық қаламақысын қайтару және журналист статусы секілді өзекті мәселелерге тоқталды. Форумға қатысқан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Астана қалалары медиа басшылары өңірлік жоғары оқу орындарында болашақ журналистерді оқытатын кафедралардың жабылмау керектігін атап өтті. 

Кадр тапшылығына қатысты өз пікірін «Егемен Қазақстан» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы білдірді.  

«Бас редакторлар форумы» барысында айтылған барлық өзекті мәселелер мен оларды шешу үшін бағытталған ұсыныстар пысықталып, хаттама түрінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданатын болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы