Астанада балалардың көліктерді қиратқаны видеоға түсіп қалды: Кім жауап береді?
Астанада аулада балалар көліктерді бүлдірген. Полиция оларды анықтап, ата-аналарын жауапқа тартты. Іс кәмелетке толмағандар комиссиясына жолданды.
Астанада аулада балалардың көлікке зиян келтірген оқиғасы тіркелді. Полиция оларды анықтап, ата-аналарын жауапқа тартты. Іс кәмелетке толмағандар комиссиясына жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға қаладағы Қосшығұлұлы көшесінде болған. Бейнежазбада жасөспірімдердің тұрақта тұрған автокөліктің капотына мініп, алдыңғы әйнегін теуіп жатқанын көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша, бұл жалғыз жағдай емес. Бақылау камералары осы аумақта басқа да көліктердің зақымдалғанын тіркеген.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бөтеннің мүлкін бүлдіру дерегіне қатысы бар кәмелетке толмағандардың жеке тұлғалары анықталған.
Кәмелетке толмағандардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлады ведомство.
Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.
Құзырлы орган өкілдері ата-аналарды балалардың тәртібі мен әрекетіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Еске салсақ, Шымкент қаласында полиция қызметкерлері автобус аялдамасын бүлдірген үш жергілікті тұрғынды анықтады. Оқиға 3 сәуірде таңғы сағат 6 шамасында болған. Қыздардың арасында жанжал туып, ашуланған олар аялдаманың терезесін сындырып, құрылымына зақым келтірген.