Астанада балаларды қорғау күніне орай 40-тан астам аула ашылды
Астанада биыл шамамен 180 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды қамтиды. Қазірдің өзінде бірқатар жұмыс аяқталған. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елорданың алты ауданында 40-тан астам аула мен қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді..
Байқоңыр ауданында мерекелік іс-шара аясында 10 жаңа аула ашылды. Олар балалардың ойнап, демалуына қолайлы заманауи орынға айналды. Аталған аумақтарда ойын және спорт алаңдары, шағын архитектуралық формалар, демалыс аймақтары орнатылған.
Жаңа аулалар мына мекенжайларда орналасқан: Сейфуллин көшесі, 41; Бейсекбаев көшесі, 14; Сембинов көшесі, 21; Ғабдуллин көшесі, 1; Торайғыров көшесі, 3; Уәлиханов көшесі, 3; Рахимов көшесі, 91; Шонаұлы көшесі, 39 және 41; Жұбанов көшесі, 3; Торайғыров көшесі, 1.
2025 жылы Байқоңыр ауданында 88 аула абаттандырылады. Олардың ішінде 18-і кешенді түрде жаңғыртылады, ал қалған 70 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. 18 ауланың 12-сі "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында абаттандырылады.
Алматы ауданында 3 аула толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Жұмыс барысында ойын кешендері, спорт алаңдары, қоқыс жәшіктері, орындықтар, автотұрақ аймақтары және воркаут алаңдары орнатылды. Ерекшелігі – ұлттық стиль элементтерімен безендірілген шағын архитектуралық формалар: әткеншектер, қосарлы әткеншек, карусельдер.
Ашылу салтанаты мерекелік көңіл-күйде өтті, оған аудан әкімі мен мәслихат депутаттары қатысты. Жобалар "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.