Астанада балалар арасында бұқаралық спортты дамыту туралы меморандумға қол қойылды

Астана қаласы Білім басқармасы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алғаш рет жасалып отырған бұл құжат елордалық білім алушылар арасында бұқаралық және балалар спортын дамытуға мүмкіндік береді.

Айтулы жиынға елордалық Білім басқармасының өкілдері, мектеп директорларымен қатар, қалалық спорт басқармасына қарасты мекеме өкілдері қатысты.

Біздің ортақ мақсатымыз – білімді жас ұрпақты тәрбиелеп қана қоймай, оларды салауатты өмір салтына баулып, спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында спорт саласындағы заңнаманы жаңарту қажеттілігін атап өтті. Соған сәйкес бастама бұқаралық және балалар спортының дамуына қуатты серпін береді, болашақ чемпиондардың жаңа буынын қалыптастырады. Білім алушыларға бір табан жақын болу арқылы дені сау әрі озық ойлы жастар өсіп шығады деп білемін. Бұл ынтымақтастық спорт пен білім беру үдерісін интеграциялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, – деді өз сөзінде елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.

Меморандум білім беру ұйымдарында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, сондай-ақ Астана қаласының мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен кәсіби спортшылар арасында тәжірибе алмасуға және оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталады.

Бұқаралық және балалар спортын дамытуға қатысты келісімнің жаңа оқу жылында жасалғаны қуантады. Білім беру ұйымдарының спорт залдары мен кәсіби жаттықтырушылардың әлеуетін тиімді пайдаланып, саламатты ұрпақ қалыптастыру жолға қойылады. Әсіресе мектептерде оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға айрықша басымдық беріледі. Астанада 60 мыңнан астам бала спортпен айналысады. Көрсеткіш «ArtSport» және «Damu Bala» секілді бағдарламалардың нәтижесінде өсіп отыр. Ендігі кезекте бұл меморандум аясында спортқа қызыққан оқушылар саны бұдан да артады деп білемін, – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Кездесу барысында алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстардың жоспары талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Елорда әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы