Астанада балабақшадағы орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр
Қазіргі уақытта Астана қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 66 119 баланы қамтитын 532 мекеме бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ал «INDIGO: электрондық балабақша» порталында 47 274 бала кезекке тіркелген. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев балабақша мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Басқарма басшысының мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны төмендегідей:
- мемлекеттік ұйымдар – 100 (32 673 тәрбиеленуші);
- жекеменшік ұйымдар – 429 (32 740 бала);
- 706 баладан тұратын 3 ведомстволық балабақша.
Қазіргі уақытта «INDIGO: электрондық балабақша» порталында 47 274 бала кезекке тіркелген. 2023 жылдан бастап ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында 100 балабақшада баланы «INDIGO» жүйесіне кезекке қою, балабақшадан орын алу сынды мәселелерге қатысты 100 консультациялық пункт жұмыс істеп тұр. Осы бойынша бүгінгі күні Астана қаласы бойынша 3 мыңға жуық ата-ана мен балаға көмек көрсетілді, - дейді басқарма басшысы.
Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы балаларды балабақшамен барынша қамтуға қолжеткізу үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 10317 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланған. Өткен жылы да 10317 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген болатын.
Сондай-ақ, балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында, 2029 жылға дейін 60 балабақша салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмысы басталды. Ал биыл 5 балабақша жергілікті бюджет есебінен салынады, - дейді Қасымхан Сенғазыев.