4 Қараша 2026, 10:43 Фото: Halyqstan

Астанада балабақша тәрбиеленушісін темір орындықпен ұрған: Полиция тергеуді бастады

Астанадағы жеке балабақшада баланың соққыға жығылғаны туралы анасының шағымынан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастады. Анасының айтуынша, топтағы басқа тәрбиеленуші оның ұлын темір орындықпен бірнеше рет ұрған.

Halyqstan-ның мәліметінше, оқиға 15 қазанда болған. Әйелдің айтуынша, орындықтың салмағы шамамен 2–3 келі. Оқиға кезінде балалардың жанында тәрбиеші де, басқа ересектер де болмаған. Анасы баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалар орындыққа таласып қалғанын түсіндірген. Олардың айтуынша, жиһаз қолдарынан шығып кетіп, бала кездейсоқ соғылған.

Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін анасы ұлын бұл мекемеден алып кетуге шешім қабылдаған.

Біз балабақшаға ең қымбатымызды – балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне ең болмағанда кепілдік беріледі деп күтуге құқылымыз! – деді ол.

Әйел қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Оның айтуынша, оқиғадан кейін баласы балабақшаға бармағанымен, ақшасы әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Сондай-ақ анасы оқиға түсірілген бейнежазбалардың сақталуына алаңдаулы.

Камералардағы жазбалар бір ай сақталады. Үш аптаға жуық уақыт өтті, жақында бейнежазба автоматты түрде өшірілуі мүмкін. Ал содан кейін менде бұл оқиғаны дәлелдейтін айғақ қалмайды, – деп жазды ол.

Нұра ауданының полиция басқармасы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

Тергеудің өзге де мәліметтері әзірге жария етілмейді.