Бүгiн 2026, 15:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Елордада бағдаршамның қызыл түсіне 133 км/сағ жылдамдықпен өткен жүргізуші қамалды

BMW жүргізушісінің 216 км/сағ-пен жүргені де бұған дейін бірнеше рет тіркелген.

Астанада полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 27 жастағы BMW жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ

Елорда полициясының мәліметінше, ұсталған жүргізуші «ұзақ уақыт бойы жол қозғалысы ережелерінің талаптарын өрескел әрі жүйелі түрде бұзып келген».

Жыл басынан бері ол 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 59-ы – жылдамдықты асыру фактісі. Ең қауіпті жағдайлардың бірі – Әл-Фараби көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның тыйым салатын белгісіне 133 км/сағ жылдамдықпен өтуі. Бұған дейін оның рұқсат етілген 90 км/сағ орнына 216 км/сағ жылдамдықпен жүргені де тіркелген, – деп мәлімдеді Полиция департаменті.

Мұндай әрекет азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні атап өтілді.

Жүргізуші ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Оның көлігі айып тұрағына қойылды.

Заң талаптарын саналы түрде және жүйелі түрде елемейтін адамдар, оның ішінде бұған дейін айыппұлдарын төлегеніне және табыс деңгейіне қарамастан, заңнамада көзделген қатаң жауапкершілікке тартылады. Заң бәріне ортақ. Астана қаласының Полиция департаменті ескертеді: кез келген өрескел және қайталанған құқықбұзушылық қатаң әрі принципті түрде тоқтатылады, – деп атап өтті полиция.