Астанада азық-түлік бағасы арзандайды: Ақмола облысынан жәрмеңкеге 490 тонна өнім жеткізіледі
31 қазанда «Қазанат» ипподромында өтетін жәрмеңкеде ет, сүт, көкөніс пен басқа да өнімдерді нарықтағы бағадан 10–15% арзан сатып алуға болады.
Ақмолалық өндірушілер Астана қаласына 490 тоннадан астам азық-түлік және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізеді. 31 қазанда «Қазанат» ипподромының аумағында облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Елорда тұрғындары бұл жерден ет, сүт өнімдерін, көкөністерді, ұн, жұмыртқа, балық және басқа да тауарларды нарықтағы орташа бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатып ала алады, деп хабарлайды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.
Жәрмеңкеге Ақмола облысының 17 ауданы мен Көкшетау, Қосшы және Степногорк қалаларынан 40-қа жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысады. Сауда жасауға 140 орын әзірленген. Жалпы, жәрмеңкеде өнімнің 50-ден астам түрі ұсынылады.
Жәрмеңкеде ең көп ұсынылатын өнімдер қатарында көкөністер бар. Атап айтқанда, 210 тоннадан астам картоп пен көкөніс жеткізіледі. Сонымен қатар сатып алушыларға 124 тонна ет және шұжық өнімдері, 38 тонна ұн, 32 тонна сүт және сүт өнімдері, 11 тонна өсімдік майы мен 8 тоннаға жуық жарма ұсынылады. Бұдан бөлек, Астанаға 4 тонна жаңа ауланған балық пен балық өнімдері және 350 мың дана тағамдық жұмыртқа жеткізіледі.
Жәрмеңкеге өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі кәсіпорындар да қатысады. Олардың қатарында «Акколь Құс», «Родина», «Burabai Milk», «Бижан», «Урожай», «Айбат», «Гормолзавод», «Milk project», «ҚазГер Құс», «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Макинская птицефабрика», «Компания Алтын-Қазық», «Aitas RTC», «Целин Агро Трейд» және басқа да өндірушілер бар.
Азық-түлік өнімдерінен бөлек, сауда алаңында отынға арналған ағаш, отырғызу материалдары және маусымдық тауарлар сатылады.
Елордадағы жәрмеңке ақмолалық өндірушілерге өз өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз ұсынуға мүмкіндік береді. Ал Астана тұрғындары өңір шаруашылықтарының өнімдерін қолжетімді бағамен сатып ала алады. Ұйымдастырушылар жәрмеңке арқылы елорданың азық-түлік нарығын отандық өнімдермен қамтамасыз етіп, сатып алушыларға тауарлардың кең таңдауын ұсынуды көздейді.
Жәрмеңке 31 қазан сағат 08:00-де Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтеді.