Астанада автобустар бір күнде неше жолаушы тасымалдайды

Елордада №1 автобус паркі күніне 400-450 мың жолаушы тасымалдайды. Бұл туралы паркке ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

№1 автобус паркінің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов автобус паркінің статистикалық мәліметтеріне тоқталды.

Біздің парктің қарамағында 1 035 автобус бар. Қыркүйекте тағы 100 автобус келеді. Күн сайын қалаға 750-800 автобус жолға шығады. Олар шамамен 400-450 мың жолаушы тасымалдайды. Былтырға қарағанда қоғамдық көлік жолаушыларының саны артып отыр. Мысалы, былтыр 300-320 мың адамды тасымалдайтынбыз, - деді Тұқпатов.

Ол жаңа автобустар сатып алу бойынша қала әкімдігінің қолдауымен жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Сөзінше, биыл парк 200 автобуспен толыққан, енді жылдың аяғына дейін тағы 100 автобус сатып алынады.

Келесі жылы тағы 200-300 шақты автобус алу жоспарда бар. Осылайша қалада толығымен 100 пайыз жаңа автобустар жүреді деген жоспар бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы