Астанада ауқымды экологиялық айлық басталды
Елордада "Таза Қазақстан. Таза Астана" дәстүрлі экологиялық айлығы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты ауқымды акция аясында өтіп жатыр.
Экологиялық айлыққа қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафе-мейрамханалар және т.б.), еріктілер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, ПИК (МИБ) және басқалар қатысып жатыр.
Экоакция аясында елордада қала аумағын санитарлық тазалау, нөсер және арық жүйелерін ретке келтіру, көшелерді, тротуарлар мен аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді жинау жұмысы жүргізіледі.
Сонымен қатар маусымдық агротехникалық жұмыстар – жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарының маңын тазалау, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою сияқты шаралар қолға алынған.
Экоайлық барысында елорданың барлық алты ауданында ағаш отырғызу жұмысы да өтіп жатыр.
Біз әрбір ағаш пен көшет дұрыс отырғызылып, өсіп кетуін қадағалауға тырысамыз. Бұл – біз үшін бір реттік шара емес, Астананы көгалдандырудың жүйелі жұмысы. Көбірек адам атсалысқан сайын қаламыз да тезірек көркейіп, таза бола түседі, – деп атап өтті коммуналдық қызмет өкілі.
Еске сала кетейік, экоакцияның басты мақсаты – қала көшелеріндегі тазалықты сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Қала тұрғындары мен ұйымдарының кез келгені аулалар мен көшелерді абаттандыруға өз үлесін қоса алады.