Бүгiн 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Астанада Audi көлігі аударылып қалды: Полиция жол апатының мән-жайын айтты

Жол-көлік оқиғасы Республика даңғылында болған. Зардап шеккендер жоқ.

Астанада Республика даңғылында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Audi маркалы жеңіл көлік аударылып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жол-көлік оқиғасына қатысты BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына қалалық Полиция департаменті жауап берді.

Ведомствоның мәліметінше, 1 шілде күні Audi көлігінің жүргізушісі Республика даңғылымен келе жатып, басып озу кезінде қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған. Соның салдарынан өзімен бір бағытта келе жатқан Chery автокөлігімен соқтығысқан.

Соққыдан кейін Audi көлігі төңкеріліп, төбесіне аударылған.

Полицияның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

 Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Audi автокөлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаменті.