Астанада ата-аналарға арналған Педагогикалық қолдау орталығы ашылды
Астана қаласы әкімдігі №112 жалпы орта білім беретін Келешек мектепте ата-аналарға арналған «Педагогикалық қолдау орталығы» кабинеті ашылды. Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – ата-ана, бала және мектеп арасындағы өзара байланысты нығайтып, оқушылар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсету, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға ата-аналар қауымы, мектеп әкімшілігі, психологтар мен тәрбие бөлімі қызметкерлері қатысты. Салтанатты рәсім барысында лентаны мектеп директоры Қайырлы Жұмаханов пен ата-аналар кеңесінің төрайымы Зәуреш Ермекбайқызы қиды.
Мектеп директорының айтуынша, орталық ата-аналармен жұмысты жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Бүгін ашылып отырған Педагогикалық қолдау орталығы мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болады деп сенемін. Мұнда ата-аналар кәсіби кеңес алып, балалардың психологиялық жай-күйіне қатысты нақты қолдау таба алады. Біз әр баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасауды көздейміз, – деді Қайырлы Қалибекұлы.
Өз кезегінде ата-аналар кеңесінің төрайымы Зәуреш Ермекбайқызы бұл бастаманың қоғам үшін маңызын атап өтті.
Ата-аналар үшін мұндай орталықтың ашылуы өте қажет. Баланың дамуы тек мектептің емес, отбасының да ортақ жауапкершілігі. Сондықтан бұл кабинет ата-аналарға бағыт-бағдар беретін нақты алаң болары сөзсіз, – деді ол.
Іс-шара барысында мектеп психологтары Жұлдыз Мұқатаева мен Алтынарай Әуезбекова орталықтың міндеттерімен таныстырып, ата-аналарға арналған психологиялық тренинг өткізді.
Орталықта ата-аналармен жеке және топтық жұмыстар жүргізіледі. Балалардың эмоционалдық жағдайын бақылау, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту – біздің басты бағыттарымыздың бірі, – деп атап өтті психологтар.
Сонымен қатар 8 сынып оқушысы Ақерке Етекбаева бисерден жасалған бұйымдар бойынша шеберлік сабағын көрсетті. Ал 3 сынып оқушысы Жанерке Саматқызы мен 7 сынып оқушысы Әнуар Төлеуқадыр өнерлерін паш етті.
Ұйымдастырушылар белсенділік танытқан тәрбие бөлімі қызметкерлеріне, мектеп психологтарына, көркем еңбек пәні мұғалімдеріне, «Кербез өнер» орталығына, ұстаздар мен оқушыларға, ата-аналар комитеттеріне және қоғам өміріне бейжай қарамай жүрген күміс еріктілерге алғыс білдірді.
«Педагогикалық қолдау орталығы» алдағы уақытта ата-аналарға тұрақты кеңес беріп, балалардың психологиялық саулығын сақтауға бағытталған маңызды алаң ретінде жұмысын жалғастырады.