Астанада астық пен бұршақты терең өңдейтін кешеннің құрылысы басталды
Астанада құны 320 млн АҚШ долларын құрайтын астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдейтін агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы басталды. Жобаны Kazakh Protein компаниясы түркиялық Tiryaki Agro Holding, қазақстандық «Қазақстанның Астық консорциумы» ЖШС және «ADOtex» ЖШС серіктестігімен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап
Капсула салу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, іскер топ өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Министр жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл жоба жылына 250 мың тонна астық пен 80 мың тонна бұршақ дақылдарын қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жоғары табысты өнімдер өндіріледі әрі қосымша экспорттық мүмкіндіктер ашылады, – деді ол.
Жоба екі кезеңде жүзеге асады:
- 2027 жылға дейін – жылына 250 мың тонна астықты терең өңдеу желісі;
- 2028 жылға дейін – жылына 80 мың тонна бұршақ дақылдарын өңдеу желісі.
Біздің мақсатымыз – жаһандық нарықта сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығару. Қазақстандық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп жатқанымызды мақтан тұтамыз, – деп атап өтті Tiryaki Agro Holding директорлар кеңесінің төрағасы Сүлеймен Тирьякиоғлу.
Кешен глютен, крахмал, лизин, өсімдік протеин изоляттары, құрамажем және басқа да жоғары қосылған құнды өнімдер өндіреді. Олар ішкі нарықпен қатар ТМД елдеріне, Еуропаға, АҚШ-қа және Оңтүстік-Шығыс Азияға экспортталмақ.
Бұл жоба агроөнеркәсіп саласында қолға алынған ауқымды бастамалардың бірі. Бұған дейін Түркістан облысында «КазКрахмал» жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдейтін зауыттың құрылысын бастап, Жамбыл облысында Қытайдың Fufeng Group компаниясы 1 млн тонна жүгеріні қайта өңдеуді көздейтін жобаға кіріскен болатын.