11 Қазан 2026, 12:21 Фото: astanamediweek.kz

Астанада Astana Media Week медиа апталығы оныншы рет өтеді

Қазақстанның медиа саласындағы маңызды шара биыл мерейтойлық форматта ұйымдастырылады.

14-16 қазан аралығында Астанада өтетін медиафорум халықаралық және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, журналистерді, медиаменеджерлерді және креативті индустрия сарапшыларын біріктіреді.

Биылғы медиафорумның басты тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы». Үш күндік бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектінің журналистикаға, медиаға және контент өндіруге әсерін, цифрлық қауіпсіздікті, технологиялық платформалардың жауапкершілігін және аудитория сенімінің өзгеруін талқылайды.

Іс-шараға жетекші халықаралық және қазақстандық БАҚ-тардың топ-менеджерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, Euronews, Meta, TikTok және Q.AI компанияларының өкілдері, белгілі журналистер мен медиа сарапшылар қатысады. Сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа саласы өкілдері де қатысатынын растаған.

Медиафорумның маңызды бағыттарының бірі – Орталық Азияның халықаралық ақпарат кеңістігіндегі орны. «Central Asia in English» редакциялық зертханасы аясында қатысушылар өңір туралы жаһандық аудиторияға қалай ақпарат тарату және өздерінің медиа нарративтерін қалыптастыру мәселелерін талқылайды.

15 қазанда Қазақстандағы креативті индустриялардың дамуы, медиа нарығының трансформациясы, жарнаманың жаңа үлгілері және ақпараттық саясаттағы өзгерістер сөз болады. Бұдан бөлек, практикалық шеберлік сабақтары өтіп, «Үздік баспасөз хатшысы» және «Үздік баспасөз қызметі» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

16 қазанда медиафорум Qazaqstan Media Awards салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады. Онда медиа саласының үздік өкілдері марапатталады.