Астанада Astana Finance Days 2026 форумының екінші күні басталды
Бүгін, 10 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында Astana Finance Days 2026 IX қаржы форумының екінші күні басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форум инвесторларды, қаржы және технология саласының өкілдерін, реттеушілер мен халықаралық бизнес өкілдерін біріктірді. Бүгінгі бағдарламаның негізгі тақырыптары – инвестиция тарту, капитал нарығын дамыту, цифрлық активтер, жасанды интеллект және креативті индустрияларды қаржыландыру.
Екінші күннің бағдарламасы Қазақстанның өңірлік қаржы және сауда хабы ретінде қалыптасуына арналған пленарлық сессиямен ашылады. Қатысушылар елдің транзиттік әлеуетін инвестициялық жобаларға айналдыру және ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту жолдарын талқылайды.
Сондай-ақ авиацияны қаржыландыру, Қазақстан мен Қытай капитал нарықтарының ықпалдастығы, исламдық қаржы және жаңа қаржы құралдарын реттеу мәселелері қаралады.
Креативті индустрияларға да жеке көңіл бөлінген. Creative Pitch Day аясында кино, музыка, ойын әзірлеу және цифрлық контент салаларындағы 19 жоба әлеуетті инвесторларға таныстырылады. Іріктеуге барлығы 100-ден астам өтінім түскен.
Бұдан бөлек, AIX биржасында көміртегі бірліктерінің саудасын іске қосу рәсімі және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар келісімге қол қою жоспарланған.
Еске салсақ, Астанада 9 қыркүйекте халықаралық қаржы форумы – Astana Finance Days 2026 басталды. Оған BlackRock, Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield, Rothschild & Co., IFC Asset Management Company және басқа да ірі қаржы ұйымдарының өкілдері қатысуда. АХҚО хабарлағандай, қатысушы компаниялардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі 26 триллион доллардан асады.