Астанада әскери міндеттілердің жоспарлы әскери жиыны аяқталды
Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті шақырған запастағы елу офицер 68665 әскери бөлімінің базасында кезекті даярлықтан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жоспарлы оқыту запастағы әскери қызметшілерді қайта даярлау, олардың әскери борышын орындауға дайындығы және әскери білімнің талап етілетін деңгейін ұстап тұру мақсатында жүргізіледі. Бір айдың ішінде әскери міндеттілер өздерінің әскери дағдыларын жетілдірді. Жиын барысында олар дербес, содан кейін бірлескен штабтық жаттығуларға қатысты.
Әскери міндеттілер жиынының аяқталуымен ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтады.
Сіздер жедел даярлық бойынша оқудан өтіп, өз әскери-есептік мамандықтарыңыз шеңберінде құзыреттілікті арттырдыңыз, – деді Бас қолбасшы. - Адал орындалған әскери борыштарыңыз үшін алғыс айтамын.
Жоғары нәтижелерге қол жеткізуде табандылық танытқан әскери міндеттілер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының қолынан еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне арналған төсбелгі алды.
Оқу-жаттығу әскери жиынынан өту бағдарламасын ойдағыдай меңгерген офицерлерге кезекті әскери атақтар берілді.
Астана қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбековтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери міндеттілер үшін әскери жиыннан өту кезінде жұмыс орындары сақталып, орташа жалақы төленді.