Астанада әскери міндеттілердің әскери жиындары басталды

Елордада орналасқан 68665 әскери бөлімінде Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасына бекітілген әскери міндеттілердің жиындары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бір айдың ішінде елуге жуық запастағы офицер 11 әскери есептік мамандық бойынша әскери шеберліктерін шыңдайды. Олар әскер қатарында қызмет ету кезінде алған тәжірибені еске түсіріп, жаңа қару-жарақты меңгереді, далалық жағдайда бірқатар тапсырмаларды орындайды.

 Әскери күн тәртібі азаматтық өмірден мүлдем өзгеше, бәрі жедел жүреді. Біз тәулік бойы казарма жағдайында жүргендіктен күндіз де, түнде де кез келген тапсырманы орындауға дайынбыз. Мен осындай жиындарға қатысқаныма өте қуаныштымын, - деді запастағы офицер Ернұр Әлиев.

Оқу-жаттығу жиындары тамыз айының соңына дейін жалғаспақ. Соңғы кезеңі емтихандар мен сынақтарды тапсырған соң аяқталады. Жиын бағдарламасын ойдағыдай меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар беріледі.

Әскери жұмылдыру кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымы сақтала отырып, оларға орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді.

Әскери жиындарға шақырылған азаматтар әскери қызметшілермен тең дәрежеде заттай мүлікпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

Мұндай жиындардың мақсаты – бейбіт уақытта құрамы қысқартылып ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру. Сондай-ақ мобилизация кезінде Қарулы күштерді орналастыру үшін қажетті әскери-оқытылған ресурстарды дайындау және запаста жинақтау басты мақсат болып қала бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы