Бүгiн 2026, 16:21 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Астанада ақылы автотұрақтар қымбаттауы мүмкін

Астана билігі автотұрақ тарифтерін қайта қарап, олардың санын көбейтуді, сондай-ақ демалыс күндері мен әлеуметтік нысандар маңындағы тұрақтарды тегін етуді жоспарлап отыр.

Жақын уақытта елордадағы ақылы автотұрақтар коммуналдық меншікке өтеді. Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автотұрақтар қала меншігіне өтеді

Әкім орынбасарының айтуынша, бұған дейін автотұрақтарды басқарған компания оңалту рәсімінен өтіп жатқан.

Бүгін соттың оңалтуды тоқтату туралы шешімі күшіне енді. Сонымен қатар, автотұрақтарды беру жөнінде қосымша келісімге қол қойылды. Жақын күндері келісім толық рәсімделіп, келесі күні коммуналдық меншікке беріледі деп ойлаймыз, — деді Ерсін Өтебаев.

Табыс пен жаңа бөлу жүйесі

Әкімдік өкілінің сөзінше, ақылы автотұрақтар бұған дейін де қомақты табыс әкелген.

Бұрын айыппұлдармен қоса есептегенде 5 миллиард теңгеден астам табыс түсті. Бұл – жүйе іске қосылғаннан бергі көрсеткіш, — деді ол.

Айыппұлдан түскен қаражат толықтай қала бюджетіне түседі. Ал автотұрақ ақысынан жиналған қаржының 75%-ы қалалық компанияға, 25%-ы бюджетке бағытталады.

Автотұрақ көбейіп, баға қымбаттауы мүмкін

Әкімдік ақылы автотұрақтар желісін кеңейту мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Қаланың өсуін ескере отырып, бұл жұмысты жалғастырамыз. Кей жерлерде тариф саясаты қайта қаралып, баға өсуі мүмкін. Әсіресе халық тығыз орналасқан аумақтарда, мысалы, сол жағалауда, — деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар билік тұрғындарға қолайлы жағдай жасау тетіктерін де қарастырып жатыр.

Жоспар бойынша, жексенбі күндері және әлеуметтік нысандар маңындағы автотұрақтар тегін болуы мүмкін. Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр.