Астанада «Aqmola Invest» инвестиция тарту орталығы ашылды

Орталықта инвесторларға жоба идеясынан бастап, оның іске асырылғанша дейін қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда пилоттық режимде Орталық алаңында 23 кездесу өткізілді, оның 13-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен.

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева, «Kazakh Invest» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев, «KAZENERGY» бас директоры Әлібек Қуантыров, ҚР-дағы Мажарстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, сондай-ақ Мажарстан мен Қытайдан келген компаниялардың өкілдері қатысты.

«Aqmola INVEST» құру Ақмола облысының экономикалық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам болады. Инвесторлармен өзара іс-қимыл және Мемлекеттік қызметтерді алу «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін одан әрі қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, бүгін Орталық алаңында ынтымақтастық және жалпы сомасы 76 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. 

Осылайша, венгриялық globalia LTD компаниясы Аршалы ауданында көміртекті егіншілік негізінде ауыл шаруашылығы технологиялық паркін құруға ниет білдіріп отыр. 

Ақмола облысында ҚТҚ өңдеу зауыттарының құрылысына қытайлық «Beijing Ruiheyuan Construction Engineering Co.Ltd.» компаниясы инвестиция бағыттамақшы. ZhasTol-Stroy кәсіпорны автоклавты газдалған бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Осы инвестициялық жобаларды іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашуға және облыс бюджетін айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Аршалы ауданында Республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды, ол озық өндірістік алаңға айналады.

Бұдан бөлек, KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы Ақмола облысының әкімдігімен орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы