31 Шілде 2026, 11:27 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Астанада АПВ-ға қарсы вакцина алған қыздардың саны 17 мыңнан асты

Елордада адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жалғасып жатыр.

Елордада АПВ-ға қарсы вакцина салынған қыздардың саны 17 мыңнан асты. Бұл туралы Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, елордада 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11–13 жастағы қыз балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жоспарлы вакцинациялау жүргізіліп келеді.

Оның мәліметінше, вакцинация АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен алты ай аралықпен екі кезеңде жүргізіледі. Бүгінгі күні бірінші дозамен 17 567 қыз бала, ал екінші дозамен 10 652 қыз бала егілген.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 18 мамырдан бастап 14–18 жас аралығындағы қыз балаларды қамтитын қосымша иммундау науқаны басталған. Бұл вакцинация үш кезеңнен тұратын 0–2–6 айлық схема бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда бірінші дозаны 708 қыз бала, ал екінші дозаны 52 жасөспірім алған.

Айгүл Шағалтаева вакцинацияның басты мақсаты – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі саналатын жатыр мойны обырының алдын алу екенін айтты.

Вакцина адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Оның ішінде жатыр мойны обырының негізгі себебі болып саналатын 16 және 18 жоғары онкогенді типтеріне қарсы тиімді иммундық қорғаныс қалыптастырады, – деді қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Оның сөзінше, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында екінші орында тұр. Жыл сайын бұл дерттен шамамен 600 әйел көз жұмады.

Спикер АПВ-ға қарсы вакцинаның құрамында тірі вирус болмайтынын, сондықтан оның ауру жұқтыруы мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, екпеден кейін инъекция салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі секілді қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін. Бұл – ағзаның қалыпты иммундық жауабы.

Айгүл Шағалтаева вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденгенін айтты. Сондай-ақ ол АПВ-ға қарсы вакцина бедеулікке әкеледі деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Қазақстандық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректеріне сәйкес, 2013–2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасына қатысқан 131 әйелдің соңғы он жыл ішінде бір немесе екі дені сау сәби дүниеге әкелгені тіркелген. Бұл вакцинаның репродуктивтік денсаулыққа кері әсер етпейтінін көрсетеді, – деді ол.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта адам папилломасы вирусының тоғыз типінен қорғайтын «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды да енгізу жоспарланған.

Сөз соңында Айгүл Шағалтаева ата-аналарды қыздарының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тегін вакцинация мүмкіндігін пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, толық ақпаратты тұрғылықты жері бойынша емханадан немесе мектептің медициналық пунктінен алуға болады.

Айта кетейік, 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады.

Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстанда АПВ-ға қарсы 240 мыңға жуық екпе жүргізілді. ДСМ дерегінше, барлық вакцинацияланған жағдайлардың арасында қолайсыз жағымсыз реакциялар тіркелмеген.