Астанада апатты мектептер жаңартылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан салынып жатқан мектептер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Мәселен, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастыруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептеледі, – деп жазды елорда әкімі.

Айтуынша, Көксеңгір көшесіндегі мектеп (Кирпичный елді мекені) осыған дейін апатты деп танылған, қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Қазір бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды.

Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2400 оқушыға арналған. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада "Жайлы мектеп" жобасы аясында 24 мектеп салынады, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы