Астанада "Әміре" музыкалық драмасының премьерасы өтті
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында ұлы әнші Әміре Қашаубаевтың тарихи жетістігіне арналған жаңа қойылымның премьерасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Музыкалық жас көрермен театрында сахналанған спектакль Париждегі дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесінде Әміренің өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына арналды.
Қойылымның авторы – Қанат Жүнісов, ал режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Музыкалық драма жанры – театр саласындағы ерекше бағыттардың бірі. Бұл туындыда Әміре Қашаубаевтың дара өнері, өмір жолы, қазақ әнін әлемге танытқан тарихи сапары мен тұлғаның тағдырлы кезеңдері сахналық тілмен өрнектелген.
Спектакльде 1925 жылы Париждегі дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне алғаш қатысып, қазақтың халық әнін халықаралық аренаға алып шыққан Әміренің шығармашылық жолы, дәуірдің зұлмат тарапынан төнген қысымы және өнер мен өмірдің күрделі қақтығыстары көркемдік шешім арқылы берілген.
Әміре Қашаубаев – қазақ дәстүрлі ән өнерінің алтын қорына енген, қайталанбас дауыс иесі. Оның орындаушылық мұрасы ұлттық мәдениетіміздің рухани құндылығына айналған.
Рөлдер мен шығармашылық топ:
- Әміре Қашаубаев рөлінде – Оразалы Игілік;
- Қоюшы-режиссер – Асхат Маемиров;
- Костюм суретшісі – Айдана Еңгебай;
- Жарық суретшісі – Ермек Мұхтарұлы;
- Дыбыс режиссері – Мерген Ажбаев.
2025 жылдың 5-12 қазан күндері Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Баку қаласында өтетін “Ислам ынтымақтастығы ұйымының мәдени фестивалі: Баку шығармашылық апталығы – 2025” фестиваліне Қанат Жүнісовтің “ӘМІРЕ” музыкалық драмасы арнайы шақырылды, - деді Асхат Маемиров.
Премьера көрермен көңілінен шығып, ұлттық өнер тарихындағы маңызды оқиғаның мәнін сахнада жаңаша қырынан көрсете алды. Театр ұжымы қойылым маусым бойы жалғасатынын мәлімдеді.