Астанада алғаш рет пара волейболдан Азия чемпионаты өтеді

3-8 шілде аралығында елорданың 25 жылдығана орай Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек сарайында» алғаш рет волейболды отырып ойнаудан (пара волейбол) Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Байрақты бәсекеге Қазақстан, Жапония, Монғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Тайланд, Ирак және Иран мемлекеттерінен 200-ге жуық спортшы қатысады. Чемпионаттың жеңімпаздары Париж-2024 XVII жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алады.

Биыл елімізге волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионатын өткізу мәртебесі бұйырды. Бұл халықаралықаралық спорттық қоғамның елімізге артқан сенімі деп білеміз. Осындай дәрежедегі жарысты ұйымдастыруға мемлекетіміздің тарапынан барлық қолдау көрсетілді. Оған қоса «Спорт қоры» және «Самрұқ қазына» АҚ ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, демеушілік етті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірігіп Азия чемпионатын жоғары деңгейде өткізіміз деп сенемін, - деді Қазақстан пара волейбол федерациясының бас хатшысы Батыр Қадырбайұлы.

Аталмыш жарысқа Қазақстан тарапынан ерлер мен әйелдер ұлттық құрама командалары қатысады. Айта кетсек, волейболды отырып ойнаудан ерлер құрамасы халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлемдік рейтинг бойынша 7-орынға, ал Азия рейтингісі бойынша үздік үштіктің қатарына кіреді. Әйелдер құрама командасы үшін бұл алғашқы халықаралық жарыстар болып табылады.

Азия чемпионатының салтанатты ашылу шарасы 3-ші шілдеде Жекпе-жек сарайында сағат 11.00 де өтеді. Алғашқы ойындар Қазақстан мен Япония арасында салтанатты ашылу шарасының алдында сағат 10.00-де өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы