Астанада алғаш рет әлемдік деңгейдегі ат спорты турнирлері өтеді
Елордаға 20-дан астам елдің шабандоздары келеді. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған халықаралық жарыстар өтпек.
Астана әлемдік ат спорты картасындағы жаңа маңызды орталықтардың біріне айналмақ. Биыл елордада алғаш рет Fédération Équestre Internationale (FEI) аясындағы бірден үш халықаралық турнир қатар өтеді: FEI Әлем кубогының кезеңі, FEI Jumping World Challenge Final финалы және CDI1*/CDI3* атпен мәнерлеп жүру жарыстары.
Әсіресе FEI Jumping World Challenge Final финалының Қазақстанда өтуі – тарихи оқиға. Бұл турнир ат спорты дамып келе жатқан елдер арасындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі саналады. Астанаға Азия, Африка, Еуропа және Латын Америкасынан 20-дан астам елдің спортшылары келеді. Олардың қатарында Марокко, Жаңа Зеландия, Бразилия, Колумбия, Үндістан, Эквадор, Өзбекстан мен Қырғызстан бар.
Бұл – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Ел халықаралық ат спорты кеңістігіндегі орнын күшейтіп қана қоймай, FEI ресми жарыстар күнтізбесіндегі маңызды алаңдардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар қазақстандық шабандоздар алғаш рет халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинай алады.
Турнир тек спорттық жарыстармен шектелмейді. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған ауқымды бағдарлама әзірледі. Көрермендерді фудкорттар, фотозоналар, балаларға арналған аймақтар мен арнайы демалыс алаңдары күтеді. Ал кешкі бағдарламаның көркін ADAM мен Kalifarniya хедлайнерлері қыздыра түседі.
29-31 мамыр күндері «Арғымақ» ат спорты кешенінде көрермендерді конкурдың тартысы, атпен мәнерлеп жүрудің сұлулығы, әлемнің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар және үлкен халықаралық спорт мерекесінің айрықша атмосферасы күтеді.