Астанада әлемнің жетекші нейрохирургтері бас қосты

Астанада Уолтер Э. Денди атындағы нейрохирургтер қауымдастығының X Дүниежүзілік конгресі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауқымды халықаралық жиынға әлемнің 20-дан астам елінен 400-ден астам нейрохирург, ғылыми сарапшы мен медицина саласының жетекші өкілдері қатысты.

Конгрестің ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев арнайы қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын Үкімет өкілі көпшілікке оқып берді.

Баршаңызды Уолтер Э. Денди атындағы нейрохирургтер қауымдастығының оныншы дүниежүзілік конгресінің ашулуымен құттықтаймын!

Бұл – нейрохирургия саласындағы әлемнің ең үздік мамандары бас қосатын маңызды жиын.

Қазақстан медицинаның озық технологияларға негізделген осы бағытын дамытуға баса мән береді. Еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығы инновациялық емдеу тәсілдерін қолдану арқылы мыңдаған адамның өмірге оралуына ықпал етіп отыр. Мұнда радиохирургияның "алтын стандарты" саналатын, Орталық Азиядағы жалғыз Гамма-пышақ жүйесі сәтті пайдаланылып келеді, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сондай-ақ Президент орталықта жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге жоғары күрделілік деңгейіндегі нейрохирургиялық оталар жасалып жатқанына тоқталып, жасанды интеллект пен ғылымдағы жаңалықтар нейрохирургия көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді. 

Іс-шараның екі күндік бағдарламасында 40-тан астам ғылыми баяндамалар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар мен шеберлік сағаттары қамтылды. Ең өзекті мәселелер талқылануда: инновациялық нейрохирургиялық тәсілдер, нейрохирургияда жоғары технологияларды қолдану, күрделі тамырлы және онкологиялық патологияларды емдеу, сондай-ақ функционалдық және балалар нейрохирургиясындағы жаңа бағыттар.

Астанада Конгресс өткізу - әлемдік аренада қазақстандық нейрохирургияны құрметтеу мен мойындаудың белгісі. Біз елімізде әлемнің үздік мамандарын құшақ жая қарсы алуға әрқашанда дайынбыз. Астана - жаһандық диалог, білім алмасу және жаңа медициналық идеялар орталығына айналуда. Жыл сайын біздің Орталықта 5 мыңнан астам операция жасалады. Орталық сонымен қатар ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Қазіргі уақытта Ұлттық нейрохирургия орталығы әзірлеген әдісті: омыртқа денелерін ауыстыруға арналған дербестендірілген 3D технологиялық импланттарын коммерцияландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл әдістің практикалық қызметке интеграциясы - әдістің енгізу ауқымының ұлғаюы мен масштабтау перспективаларын ашады. Сондай-ақ біздің Орталықта Орталық Азиядағы жалғыз радиохирургиялық кешен – "Гамма-пышақ" аппараты жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оның көмегімен 2000-нан астам пациент емделді. Орталық Азия елдерінде "Гамма-пышақ" аппаратын пайдалану ауқымын кеңейту мақсатында үкіметаралық келісім жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде, - деп атап өтті "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ Басқарма төрағасы, Уолтер Дэнди атындағы нейрохирургиялық ассоциацияның X Дүниежүзілік конгресінің Президенті, профессор Серік Ақшолақов.

Конгрестің салтанатты ашылуына Walter E.Dandy нейрохирургиялық ассоциациясының Дүниежүзілік конгресінің Жаһандық Президенті -Saleem Abdulrauf (АҚШ), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Е.Б. Көшербаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті А.К. Күрішбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Қ. Аймағамбетов және Ғылыми-зерттеу институттары мен Медициналық орталықтардың бірінші басшылары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы