Астанада алаяқтық жолмен ақша иемденген жас қыз ұсталды
Полицияға қала тұрғыны ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткені жөнінде арызданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденген 19 жасар Түркістан облысының тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің «Инстаграм» әлеуметтік желісінде онлайн киім-кешек сататын жалған парақша ашқаны анықталды. Жас қыз жалған парақшаға киім-кешектердің суреттерін қойып, төмен бағаларды көрсеткен. Хабарласқан жәбірленушіге электронды әмиянына алдын-ала 40-50 пайыз ақша аударғаннан кейін ғана тауарды жеткізіп беретінін айтқан. Алайда жәбірленуші ақша аударған соң парақшаны өшіріп, іс-түссіз жоғалған. Келтірілген шығын көлемі 47 мың теңгені құрады. Күдіктінің алаяқтықтың 20 эпизодына қатысы бар екені анықталды.
Аталған факті бойынша «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматша кінәсін мойындады, оның елорда аумағында басқада қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеді ескертеді.