Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
Алаш қайраткерлерінің бірі, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бүгін Астанадағы «Қаламгерлер аллеясында» «Тіл – ұлт қазынасы» атты «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Ғалымның ұшан-теңіз еңбегі ұлт жүрегінен орын тапқандықтан халқы «Ұлттың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Ахмет Байтұрсынұлы бар біз бақытты халықпыз. Сол бақытымызды қадірлей білейік, ағайын. Бүгінгі мейраммен баршаңызды құттықтаймын. Қазақ барда қазақ тілі болады. Ал тілді сақтау – әрбір адамның азаматтық борышы, - деді академик Ғарифолла Есім.
Биыл елімізде қазақтың ірі тұлғаларының мерейтойы атап өтіліп келеді. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мәшһүр Жүсіптің туғанына – 165 жыл, Мағжан Жұмабайұлы мен Сұлтанмахмұт Торайғыровқа – 130 жыл, Халел Досмұхамедовке – 140 жыл, сондай-ақ «Қазақ» газетінің шыққанына – 110 жыл. Бұл атаулы күндерді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы кең көлемде ұйымдастырып келеді.
Айтулы іс-шара аясында қалада 200-ге жуық жиын өтеді. Білім мекемелерінде ашық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. 500 қоғамдық көлікке Алаш қайраткерлерінің қанатты сөздерін іліп жатырмыз. Сондай-ақ автобустарға аудиоматериалдар орналастырамыз. Ол арқылы әрбір жолаушы әр көше жайлы мағлұматтар алады. Оған қоса, жазушы Әкім Таразидің 90 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді, - деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Жиын соңында Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры актерлері «Алаш жолы» қойылымынан үзінді сахналады.