28 Тамыз 2026, 23:10 Фото: aiu.kz

Астанада әл-Фараби мен Конфуцийдің бірегей монументі ашылды

Министрдің мәліметінше, биыл Қытайдан шамамен 3 500 студент Қазақстанға оқуға келмек.

​Астанада "Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты" атты монументтің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Екі ғұламаның бейнесі бейнеленген композицияны Қытайдың танымал мүсіншісі, Қытай Ұлттық көркемөнер мұражайының директоры У Вэйшань жасаған. Мүсін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытайға жасаған ресми сапары кезінде тарту етілген. Кейін Президенттің шешімімен туынды Астана халықаралық университеті жанындағы Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына табысталған.

Бұл мүсінді Қытайдағы әріптестеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қытайға жасаған ресми сапары кезінде сыйға тартқан. Мемлекет басшысы өз кезегінде туындыны бізге тарту етуді ұйғарды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар студенттерге сапалы білім беруге деген жауапкершілікті арттырады, – деді Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев.

Монументтің жамылғысын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь ашты. Елші аталған композицияны Қазақстан мен Қытай арасындағы рухани әрі өркениеттік байланыстың белгісі ретінде бағалады.

Жоғары көркемдік шеберлік пен терең философиялық мазмұнды бойына сіңірген бұл туынды –  Қытай мен Қазақстан өркениеттерінің өзара баянының, сондай-ақ кеңістік пен уақытты еңсерген адамзат даналығының рухани тоғысуының жарқын символы, – деді Хань Чуньлинь.

Бейжің тіл және мәдениет университетінің вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь екі ойшылдың қатар бейнеленуі олардың философиялық мұрасын ғана емес, екі елдің рухани жақындығын да көрсететінін айтты.

Әл-Фараби – мұрасы қазақ жерінің рухани қазынасына айналған ұлы ойшыл. Ал Конфуций – қытай философиялық дәстүрінің негізін қалаушы әрі Қытайдың рухани мәдениетінің символы. Бүгінде олардың мүсіндерінің қатар тұруы екі дананың сұхбатын ғана емес, Қазақстан мен Қытай өркениеттерінің терең рухани үндестігін де бейнелейді, – деді ол.

Іс-шарадан кейін қонақтар Астана халықаралық университетін аралап, оқу орнындағы өнер мұражайымен танысты. Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде Қазақстанда шетелдік жетекші және зерттеу университеттерінің 40-қа жуық филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында екі жыл бұрын елордада ашылған Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы да бар.

Министр шетелдік студенттердің Қазақстанда білім алуға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, биыл Қытайдан шамамен 3 500 студент Қазақстанға оқуға келмек.

Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сонымен қатар Ресейден 2 500-ге жуық, АҚШ-тан 100-ге жуық азамат Қазақстанға білім алуға келеді. Жалпы мақсатымыз – елімізде ашылған шетелдік жетекші университеттердің филиалдары арқылы Қазақстанға 100 мыңға жуық студент тарту, – деді Саясат Нұрбек.