Астанада «Әке мен бала» форумы өтті

Астанада К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясында «Әке мен бала» форумы биыл да жалғасын тапты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Форумның өтуіне Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бастауымен ҚР Қорғаныс министрлігі, қалалық Білім басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы бiрлесiп, қолдау білдіріп, іс-шараға осы мекемелер өкілдері, мектеп оқушылары мен олардың әкелері, мектеп ұжымы қатысты.

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, әке-ұрпақ панасы, шыңы биік асқар тауы. Әке мен бала арасындағы мызғымас достық пен сыйластық – бүгін мен болашақты жалғайтын көпір. Сондықтан да қазіргі таңда әке институтын нығайту Орталық Азия елдерінде ғана емес, бұл әлемге ортақ мәселеге айналуда. Біздің ортақ міндетіміз – жеке тұлғаның бойына рухани құндылықтарды сіңіру ғана емес, басты ұлттық құндылығымыз саналатын тілімізді, дінімізді, ділімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді аялап сақтауға баулу. Осы орайда, әкелер – отбасының иесі ғана емес, тәрбиенің де киесі болған тұлға. Сол себептен бүгінгі қоғам әке орнын биікке қойып, оның мәртебесін арттырып отыр, – деді аталған мектеп-гимназия директоры Жұлдыз Қуанышқызы.

Форум барысында мектептің Әкелер кеңесінің төрағасы Балжан Балқиев, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Назгүл Сейітқожақызы, Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова, Әкелер қауымдастығының мүшесі Руслан Қонақбаев сөз сөйлеп, қоғамдағы, әр отбасындағы әкелердің рөлі, олардың беделін көтеру мәселесі туралы пікірлерiн білдірді.

Форум барысында ҚР Қорғаныс министрлігінің №23366 әскери бөлім командирі Досым Беласаров пен «Айбын» әскери патриоттық клубы «Ерлік» сабағын көрсетті. Жиын соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы