Астанада Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының академиялық шығармалар жинақтары таныстырылды

Бүгін, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының мұрасына арналған "Алаш мұраты – түркі бірлігі" атты маңызды шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен және Түркі Академиясының қолдауымен жарияланған Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының көп томдық академиялық шығармалар жинақтарының тұсаукесері өтті.

Жиында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары Эльмира Омарова, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов және мемлекет қайраткері Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйледі. Сонымен қатар, шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және депутаттар қатысты.

Эльмира Омарова Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың атынан Түркі Академиясының президентіне алғыс хат табыстап, көп томдық жинақтарды әзірлеудегі тығыз ынтымақтастық үшін, сондай-ақ түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мәдени мұрасын зерттеуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Өз сөзінде Шаһин Мұстафаев Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының түркі әлемі үшін тарихи әрі мәдени маңызына тоқталды.

 Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы және әліпби реформаторы ретінде түркі ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның ортақ түркі терминологиясы мен әдеби тілді қалыптастыру туралы идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал Мағжан Жұмабайұлы өзінің шығармашылығымен ұлттық сананы оятып, түркі әлемінің бірлігін дәріптеген ұлы тұлға болды. Оның «Алыстағы бауырыма» сияқты өлеңдері бауырлас халықтар ынтымағының жарқын үлгісі болып табылады, – деді Түркі академиясының басшысы.

Сонымен қатар, Шаһин Мұстафаев Алаш қайраткерлері көрегендікпен сенген Түркістан идеясының тәуелсіз түркі мемлекеттерінің интеграциясы дәуірінде де өз маңызын сақтап отырғанын атап өтті. Ол биыл қыркүйек айында қабылданған Ортақ түркі әліпбиін Ахмет Байтұрсынұлы мен түркі әлемінің басқа да ұлы ағартушыларының асыл мұраттарының орындалуы ретінде бағалап, Түркі Академиясының мұндай маңызды бастамаға үлес қосқанын үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.

Шара барысында Түркі Академиясының түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған іргелі жобалары да таныстырылды. Академияның «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы түркі ағартушылығы: зиялылардың өмірі мен идеялары» жобасы аясында ұлттың өркендеуіне қызмет еткен ойшылдардың өмірбаяндары мен идеялары жинақталуда. Келер жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай оның таңдаулы еңбектерін түрік оқырмандарына ұсыну жоспарлануда.

Сонымен бірге, Түркі Академиясының президенті жас ұрпақты ортақ құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Шараға қатысушылар бұл басқосуды түркі халықтарының бірлігін нығайтуға және Алаш мұрасын келешек ұрпаққа сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Халықаралық Түркі академиясы
Өзгелердің жаңалығы