Астанада адвокат 7 млн теңге алып жатқан жерінде ұсталды
Адвокат әйелдің қамау мерзімін үйқамаққа ауыстырып беруге уәде етіп, 7 млн теңге талап еткен. Сот оны екі жылға бас бостандығынан айырды.
Астанада алаяқтыққа оқталды деп айыпталған адвокат сотталды. Ол мемлекеттік органдардағы байланыстарын пайдаланып, мәселені шешіп беруге уәде етіп, 7 млн теңге талап еткен.
Елорда прокуратурасының ресми сайтының мәліметінше, адвокат өз қорғауындағы әйелге қатысты бұл әрекетке барған. Ол мемлекеттік органдарда таныстары бар екенін айтып, одан ірі көлемде ақша алмақ болған.
Әйел ұсталғаннан кейін қорғаушы бұлтартпау шарасын жеңілдетіп, қамауда ұстауды үйқамаққа ауыстыру мәселесін шешіп беруді ұсынған. Ол үшін 7 млн теңге талап еткен, – деп хабарлады Астана прокуратурасы.
Алайда әйел заңсыз келісімге бармай, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жедел іс-шаралар барысында адвокат ақшаны алғаннан кейін бірден ұсталды.
Сот үкімімен оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар алты жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.