19 Қазан 2026, 19:47 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Астанада 89,7 млн теңгені жымқырған бас есепші 7 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған қаражатты иемденіп алған К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Соттың мәліметінше, К. бас есепші қызметін атқара отырып, есептік жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланып, өзіне тиесілі жеке кәсіпкерліктің шотына 89,7 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты заңсыз аударған. Соның салдарынан материалдық залал келтірілген.

Сот кінәні мойындау мен жасаған ісіне өкінуді, сондай-ақ қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, К.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруға және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыруға үкім етті.

Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды. Сотталғаннан 89,7 млн теңге мөлшерінде материалдық залал өндірілді.

Сондай-ақ сот ішкі қаржылық бақылауды ұйымдастыруда анықталған кемшіліктерге байланысты ұйым басшылығының атына жеке қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да мектеп бухгалтері мен мұғалімі 89 млн теңге жымқырғаны үшін сотталғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Мектеп директорының ЭЦҚ-сын алып, 300 млн теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтерлер сотталды

Батыс Қазақстанда бас бухгалтер 106 млн теңге жымқырып, құмар ойынға жұмсаған