Астанада 8 келі наша сатпақ болған есірткі тасымалдаушы ұсталды
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада ақмолалық полицейлер елордаға 8 келідей наша өткізбек болған есірткі тасымалдаушыны ұстады. Тәртіп сақшылары прокуратурамен келісе отырып, арнайы шұғыл-іздестіру және техникалық шаралар кешенін жоспарлау арқылы есірткі саудасының алдын кесті. Ұсталған азамат қаңтардың басында Астанаға ірі көлемде наша әкеліп, көтерме бағамен сатып алушыны іздеген. Осы сәтте ол Ақмола облыстық есірткімен күресушілердің назарына ілінген, - деп атап өтті ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, тәртіп сақшылары күдікті көтерме бағамен сатып алушыны тапқандығы туралы шұғыл ақпарат алған соң шұғыл әрекетке көшкен.
Полиция бірден оның ізіне түсіп, келісім жасасып жатқан сәтте қолға түсті. Күдікті тұрған жатақхана бөлмесін тінту барысында есііртк әртүрлі жерден: күртешенің қалтасынан, терезенің алдында тұрған ұялы телефонның қорабынан, диванның астынан, шкаф пен сөмкеден табылды. Есірткіден бөлек, 450 мың теңге ақша анықталды, - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Күдікті ұсталып, 297-баптың 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мұндай сипаттағы қылмыс үшін заңнамада мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Деректерге сүйенсек, былтыр тәртіп сақшылары 14,5 тоннадан астам есірткі айналымының алдын кескен. Оның 700 келісі – гашиш.