Астанада 60 мемлекеттік балабақша салынады
Астанада 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ инвесторлар қаражатына 16 жекеменшік балабақша салынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Астана қаласында 2024 жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оның 15-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынбақшы.
Астанадағы білім беру жүйесі, әсіресе жаңа құрылыс аудандарында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығына ұшырады. Мәселені шешу үшін биыл 7 мектеп пайдалануға берілді, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып келеді, – деді әкім.
Жалпы, қалада «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық орынға арналған 80-нен астам мектеп салу көзделіп отыр.
2029 жылға дейін жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдана отырып, 15 заманауи оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Ең алғашқысы Тұран даңғылында орналасқан «Сана» оқушылар сарайы осы жылы пайдалануға берілді. Келесі жылдың бірінші тоқсанында қаланың әр ауданында бес оқушылар сарайының құрылысын бастаймыз, – деп толықтырды Ж.Қасымбек.