Астанада 33 мас жүргізуші анықталды
Елордада рейдтік іс-шаралар барысында 33 мас жүргізуші анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апатын азайту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елордалық полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың жолын кесу, көлік құралдарын мас күйінде басқаратын жүргізушілерді анықтау жұмыстарын жандандырды.
«Мас жүргізуші – қылмыскер!» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.
Демалыс күндері жергілікті рейдтік іс-шаралар барысында 33 жүргізуші анықталып, медициналық куәландыру жүргізу үшін Астана қаласының наркология және психотерапия орталығына жеткізілді. Оның ішінде көлік басқару құқығынан айырылған, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша 3 жүргізуші жауапқа тартылды. Коммуналдық тұраққа 33 автомашина қойылды.
Түнгі сағат 03:45-те полиция қызметкерлері 26 жастағы жүргізуші басқарған Kia Rio көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде екендігі анықталды. Оның 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Жүргізуші ҚР ҚК 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ рейд барысында Қабанбай батыр даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысында 36 жастағы жүргізуші басқарған Toyota Camry-45 автокөлігі тоқтатылды. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жүргізушінің «орташа» ауырлықтағы алкогольдік масаң күйде екендігі анықталды. Белгілі болғандай, өткен жылы ол 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған. Жүргізуші Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілердің заңсыз әрекеттеріне, оның ішінде мас күйінде көлік басқарғанына куә болған азаматтардан, полицияға «102» арнасына хабарласуды сұрайды.