Астанада 300 мұғалім тегін шеберлік сабақтарында бас қосты
Астана қаласында 300 мұғалімнің басын қосқан USTAZ HUB жобасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Білім саласы қызметкерлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба USTAZ PRO және QUNDYLYQ кәсіби білім беру орталықтарының бастамасымен ұйымдастырылды.
USTAZ HUB – Қазақстан мектептерін дамытуға ынталы мұғалімдерді біріктіретін бірегей жоба. Шеберлік сабақтары аясында мұғалімдер өзара идея мен тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы жаңалықтармен таныса алады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі мұғалімдерді қамтуға ниетті.
Біздің басты мақсатымыз – мұғалімдерді білім беру саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, тәжірибе алмасуға және жаңа нәрсені үйренуге мүмкіндік беретін достық қауымдастық құру, — дейді ұйымдастырушылар.
USTAZ HUB жобасы былтыр желтоқсанда басталған болатын. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шарада білім саласының әртүрлі бағытында жұмыс істейтін сарапшылар сөз сөйлеп, бірегей тәжірибесін бөлісті. Олардың қатарында Smartestprep негізін қалаушылардың бірі және басшысы Лаура Вайгорова, USTAZ PRO біліктікті арттыру орталығының әдіскер-тренері Алтын Аманова, Riviera халықаралық мектебінің гуманитарлық ғылымдар департаментінің меңгерушісі Аида Әнуарбек, QUNDYLYQ мұғалімдердің біліктігін арттыру орталығының тренері Сағадат Альмағамбетов және Қ.Сәтбаев атындағы BINOM мектебінің директоры Құралай Байтажикова бар.
Бұл бастама жайлы естіген күннен бастап, қолдау білдірдім. Өйткені осындай бейресми қауымдастық арқылы ұстаздарға бір-бірінен үйрене алатын қолайлы атмосфера құрудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл жолғы басқосу да пайдалы тәжірибеге толы болды. Әр мұғалім өзінің бірегей тәжірибесін бөлісетін болса, мектеп қауымдастығы да үздіксіз дамуда болады, — деп айтты Құралай Байтажикова.
Спикерлер мектеп ұжымы мен оқушылардың мотивациясын арттыру жолдарын түсіндіріп, қазіргі мұғалім үшін көптілдік пен әлеуметтік желіні қолдана білу машығының маңызына тоқталды. Іс-шараның негізгі бөлімінен кейін қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, нақты тақырыптар бойынша тәжірибе алмасты.